Білмеймін, бәлкім мені өмірден қалып қойған ескінің адамы дерсіздер, мүмкін демессіздер... Бірақ, мен үшін бұл өмір тек шынайылықтан, кішіпейілдіктен, мөлдірдей таза махаббаттан, Жаратушының шынайы құлы болудан тұруы қажет. Мына аласапыран дүниеде онсызда жамандық атаулы жеткілікті! Оған келіп әрқайсымыз өз үлесімізді тағы қоссақ, жығылғанға жұдырық болмайды ма?! Әлде пайғамбар (с.а.с) айтқан заманның біздің тұсымызға дөп түскені ме? Білмедім... Бір білерім жамандық атауы азғырушылық, көре алмаушылық, парақорлық, зинақорлық және т.б. секілді қасиеттер адамдардың бойында бара-бара жиі кезігуде! Ел болам десең бесігіңді түзе деген. Бірақ жастарымызға аз көңіл бөлінуде... Жоқ, баршаға топырақ шашудан адамын! Алла жала мен ғайбаттан сақтасын! Мына дардай болып келген 26 жасымда кішкене ғана көрген білгенімнен тұжырым жасадым. Кім біледі кімнің қанша өмірі қалғанын... Баршамыздың баратын жеріміз белгілі! Бірақ, сол барған жерден қандай орын нәсіп ететіні тек Аллаға ғана мәлім. Жұмақты аңсаушылар көп! Сөйте тұра Алланың бұйрығынан бас ала қашады, Жаратушының қаһарынан қорықпайды! Ескертер болсаң жұлып алатындай бас салады. Не болып барады қазақ қоғамы? Әлде Қайрат Жолдыбай ағамыз айтпақшы "Мұсылмандардың сипаты батыстықтарда" дегені распа? Өзіміз көрмесек те бағзылардың заманында қазағымыздың түр келбеті мен қарым-қатынасы шынайы мұсылманша болғандығын білеміз. Ал ол қасиет бізде көрініс тауып жатыр ма? Әлде өзара араласып, құрмаласып жүрген кездерде шынайы көңілмен, шын пейілмен ең құрығанда дұғалас болу қиын болып кеткен бе?
Кейде ойға шолып отырып Абай, Шәкәрім, Ыбырайлардың заманында болсам ғой, сол кездегі қазағымның шынайылығының дәмін татсам екен деп армандаймын... Ия, совет өкіметі кезінде қазаққа оңай болмады. Оған қарамастан сол сәттерде қазақ қазақтығынан, мұсылманшылығынан айырылмады! Ал қазір ше? Еркіндік көргенде қайда кетіп барады? Жоқ мемлекетіміздің дамуы, атағы бірте-бірте өсіп келеді, оған дауым жоқ! Рухани, рухани жағы не болуда? Қайда кешегі дінім десе жүрегі елжіреген қарапайым жастар? "Қой, ұят болады" дегенге тоқтайтын жастар қайда? Көкірегімді тесіп бара жатқан сұрақтар осындай... Бәлкім біреу болмаса біреу оқып кішкене ойланар. Осы ұрпақты немесе келесі ұрпақты түзеуге жолын тауып, кішкене болса да үлес қосар... Ал әзірге айтарым осы.